Эгор Брунсвик –
венгр текті америкалық психолог, ол 1940-жылдардың соңында адамның басқа адамды қабылдауына және ол туралы бастапқы әрі кейінгі пікір қалыптастыруына бет-әлпеттегі белгілі бір конфигурациялардың айтарлықтай әсер ететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеді.Брунсвик қабылдау ортасына да үлкен мән берген. Ол адамның күйзеліске түскен жағдайда беттер мен адамдарды мүлдем басқаша қабылдайтынын дәлелдеді. Демек, коммуникация жағдайларын және оның қабылдануын ескерместен өзіміз туралы немесе басқа адам туралы пікір қалыптастыруға болмайды. Өкінішке қарай, оның негізгі еңбектері тек қайтыс болғаннан кейін жарияланып, ол кезде кең аудиторияның назарын аудара алмады.
Айта кету керек, мен өзім де Брунсвик сияқты «ықтималдықты функционализм» бағытын ұстанамын. Бұл бағыт мынадай қағидаға негізделеді: біз қоршаған ортада тек шешім қабылдауға қажет белгілерді ғана байқап, қалғанын елемейміз. Яғни қабылдаудың негізінде – шешім қабылдау процесі жатыр.
Брунсвик бірінші болып бет-әлпетті қабылдауға әсер ететін 4 «конфигурациялық әсерді» сипаттады. Сол кездің өзінде олар «Брунсвик әсерлері» деп аталып кетті. Кейін уақыт өте келе мұндай әсерлердің саны едәуір артты, бүгінде олар 40-тан астам түрге бөлінеді.
Брунсвик бақылаушыларға схемалық беттердің суреттерін көрсете отырып, көз сызығының орналасуы, мұрын ұзындығы мен ауыз сызығының биіктігіне байланысты адамның эмоционалдық күйі мен тұлғалық қасиеттері туралы әсердің өзгеретінін дәлелдеді. Брунсвиктің айтуынша, экспрессияға қатысты ең айқын әсерлер ауыз сызығының орналасуына және иек көлеміне байланысты туындайды: ауыз неғұрлым жоғары орналасқан болса, бет соғұрлым қуанышты және жас көрінеді, бірақ интеллект деңгейі төмен сияқты әсер береді. Сол секілді, кең орналасқан көздер мен қысқа мұрын да осындай әсер туғызады. Өте ұзын мұрын – кез келген жағдайда жағымсыз қабылданады, ал биік маңдай – жағымды қабылдау туғызады (Brunswik, 1956).
Брунсвиктің айтуынша, қуаныш әсерін тудыратын графикалық бет мынадай сипаттармен ерекшеленеді:- биік маңдай немесе көз сызығының төмен орналасуы;
- көз қарашығы арасының алшақтығы;
- мұрынның үстіңгі шекарасының орташа деңгейде орналасуы және төменгі бөлігінің қысқаруы;
- ауыз сызығының жоғары орналасуы.
Ал қайғы әсерін ең жоғары деңгейде білдіретін бет конфигурациясы керісінше сипаттарға ие:- аласа маңдай;
- көз қарашығы арасының тарлығы;
- ұзын мұрын;
- ауыз сызығының төмен орналасуы.
Брунсвиктің зерттеулері әртүрлі нәсілдер мен этностарда бірнеше рет расталды және қазіргі таңда бұл тұжырымдарға күмән келтірілмейді. Мұндай әсерлерді білу – қоғам алдында жүрген адамдар, журналистер, профайлерлер және бірінші әсер өте маңызды болатын кез келген сала мамандары үшін аса пайдалы.
Сол себепті, егер біреудің базалық эмоциясын бет-әлпетіне қарап анықтағыңыз келсе, адамның фотосуретіне емес, оның бет бұлшықеттерінің (өзгермелі бөліктерінің) қозғалысына назар аударып, бұл адамның өзіне жайлы ортада екенін алдын ала қамтамасыз етіңіз.